Алматы. 3 қазан 2025 ж. Barbang Info – 2025–2026 оқу жылы еліміздің білім беру саласы үшін ерекше жаңалықпен басталды. Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам жас педагог алғаш рет мектеп табалдырығын ұстаз ретінде аттады.
Бұл көрсеткіш мемлекеттің білім саласын жаңартуға, мұғалім мамандығының беделін арттыруға бағытталған жүйелі шараларының нәтижесі болып отыр. Жас мамандарға тәлімгер ұстаздар бекітіліп, кәсіби бейімделу үшін арнайы курстар мен бағдарламалар ұсынылуда. Білім министрлігінің дерегінше, соңғы жылдары педагогтарға жасалған әлеуметтік қолдау да айтарлықтай артты. Студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті, ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы шалғай аймақтардағы мектептер жас кадрлармен толығып келеді. Жас ұстаздардың келуі тек білім сапасын арттырып қана қоймай, ауылдық және қалалық мектептерде жаңа серпін мен шығармашылықты дамытуға жол ашады деп күтілуде.