Қазақстан күнбағыс майы экспортында әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына кірді

Автор Асан Джалилов
51 просмотры

Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі бойынша әлемдік нарықта 8-орынға көтерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, нәтижеге қайта өңдеу саласын дамыту мен өндірістік қуаттарды кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстар ықпал еткен.

Соңғы жылдары май өңдеу зауыттарын жаңғыртуға және жаңа жобаларды іске қосуға ерекше назар аударылып келеді. 2024–2025 жылдары жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын, жылдық қуаты шамамен 1 млн тонна болатын төрт ірі жоба іске қосылды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында инновациялық өнім саналатын лецитин өндіретін өндірістік желі пайдалануға берілді.

Министрдің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында да биыл лецитин өндіру зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы үш жыл ішінде жалпы құны 94 млрд теңгеге бағаланатын тағы 13 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Жоспарланған шаралар нәтижесінде күнбағыс майы экспортының көлемі 600 мың тоннаға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанның әлемдік май нарығындағы позициясын нығайтып, елді жетекші экспорттаушы мемлекеттердің қатарына енгізуге мүмкіндік берді.