2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Грузиядан автокөлік импорттайтын ірі елдердің біріне айналды. Грузияның Ұлттық статистика қызметінің мәліметіне сәйкес, осы кезеңде Қазақстанға 41,6 мың жеңіл автомобиль қайта экспортталған. Көліктердің жалпы құны 735 млн АҚШ долларын құрады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Қазақстанға жеткізілген бір автокөліктің орташа бағасы шамамен 17,7 мың доллар болған. Бұл елдегі автонарыққа сырттан келетін көліктердің тұрақты сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Грузиядан көлік экспорттау бойынша бірінші орында Қырғызстан тұр. Бұл елге 38,9 мың автомобиль жөнелтіліп, экспорт көлемі 1,3 млрд долларға жеткен. Үшінші орында Әзербайжан орналасқанымен, бұл бағыттағы жеткізілім өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға қысқарған.
Орталық Азия елдеріне қайта экспорт көлемі айтарлықтай артқан. Тәжікстанға жеткізілген көліктердің құны шамамен алты есе өсіп, 152 млн долларға жетсе, Өзбекстанға жөнелтілім бес еседен астам артып, 72 млн долларды құраған. Түрікменстан бағыты ерекше өсім көрсетіп, қайта экспорт көлемі 26 есе ұлғайып, 29 млн долларға жеткен.
Сондай-ақ Грузиядан автокөлік жеткізілетін елдердің алғашқы ондығына Украина, Молдова және Біріккен Араб Әмірліктері де кіріп отыр.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың 11 айында Грузиядан 2,6 млрд долларға бағаланған рекордтық 103 мың жеңіл автомобиль қайта экспортталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Бір автокөліктің орташа экспорттық құны 25,2 мың долларды құраған.
Осы уақытта Грузияның өзі 212 мың автокөлікті 3,5 млрд долларға импорттаған. Оның шамамен үштен екісі қайта экспортқа жіберіліп, қалған бөлігі ішкі нарықта сатылған. Ішкі нарықта қалған көліктердің орташа бағасы бір автомобиль үшін 8,5 мың доллар деңгейінде болды.