Қазақстан автоөндірісі рекорд жаңартты: бір жылда 170 мыңнан астам көлік шығарылды

Автор Асан Джалилов
32 просмотры

2025 жылы Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі өз тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Елдегі зауыттар бір жыл ішінде 171 мыңнан астам көлік құралын шығарып, сала дамуының жаңа кезеңіне өткенін көрсетті. Бұл нәтижелер отандық машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі рөлін айқындай түсті.

«Қазақстанның Автокөлік одағының» мәліметінше, 2025 жылы жеңіл автомобильдер, автобустар мен жүк көліктерін қоса алғанда, жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асатын 171 144 көлік өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 18 пайызға көп. Бір жыл бұрын салада 145 мыңнан астам техника шығарылып, оның жалпы құны 1,9 трлн теңгені құраған еді. Осылайша, автокөлік өндірісі Қазақстан тарихындағы ең үздік жылдық көрсеткішті тіркеді.

Автоөндірістің қарқынды дамуы өңдеу өнеркәсібінің жалпы құрылымында да айқын байқалды. Жыл қорытындысы бойынша сала өңдеу өнеркәсібінің 8 пайызын қамтыса, машина жасау секторындағы үлесі 41,7 пайызға жеткен. Бұл автокөлік өндірісінің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын күшейтіп отыр.

Салаға инвестиция көлемі де айтарлықтай артты. 2025 жылы зауыттарды жаңа жабдықтармен жарақтандыру және автокомпоненттер өндірісін дамыту мақсатында 113,6 млрд теңге инвестиция салынған. Алматы мен Қостанай қалаларында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan жаңа зауыттарының іске қосылуы өндірістік қуатты ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде автокөлік өнеркәсібінде еңбек ететін мамандар саны 11 мыңнан асты.

Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазақстан автоөндірісі үшін серпінді кезең болды. Өндіріс көлемінің артуы, инвестициялардың көбеюі және жаңа зауыттардың іске қосылуы отандық машина жасау саласының тұрақты дамып келе жатқанын және алдағы жылдары да экономиканың маңызды тіректерінің бірі бола алатынын көрсетеді.

Комментарии