Қазақстан аспаны кеңейеді: 2026 жылы жаңа әуежайлар мен халықаралық рейстер ашылады

Автор Асан Джалилов
41 просмотры

2026 жылы Қазақстанда азаматтық авиация саласында ауқымды өзгерістер күтіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет елдің авиациялық хабтарын дамыту мен транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, алдағы жылы ірі әуежайларда инфрақұрылымды жаңғырту жобалары іске қосылады. Атап айтқанда, Астана мен Шымкент қалаларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады. Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстер терминалы жаңартылып, Ақтау әуежайының перроны күрделі жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар өңірлік авиацияны дамытуға басымдық беріледі. Атырауда жаңа терминал салу, Павлодар әуежайын реконструкциялау, сондай-ақ Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұған қоса, Арқалық әуежайын қалпына келтіру көзделген.

Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде Jet A-1 авиаотын сақтау және құю жүйелері де жаңартылады. Бұл әуе компаниялары үшін қызмет көрсету сапасын арттырып, рейстердің тұрақты орындалуына мүмкіндік береді.

2026 жылдың соңына дейін қазақстандық әуе тасымалдаушылар 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде елдегі әуе паркі 118 ұшаққа дейін ұлғайып, тасымал көлемі артады. Сонымен қатар өңірлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасады.

Халықаралық әуе қатынастары да айтарлықтай кеңеймек. 2026 жылы жаңа бағыттар ашылып, бірқатар бұрын тоқтатылған рейстер қайта жанданады. Қазақстаннан Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, сондай-ақ Қытайдың Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар қалаларына және Варшава бағытына тікелей рейстер ашу жоспарланған.

Салада кадр даярлау жүйесін жаңарту да күн тәртібінде тұр. Жаңа авиациялық оқу орталығын құру, азаматтық авиацияда цифрлық шешімдерді енгізу, паспорттық бақылау мен логистикалық процестерді автоматтандыру көзделген.

Сонымен бірге Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ICAO) бірлесіп, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамытуға арналған Бас жоспар әзірленбек. Бұл құжат саланың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады.

Жоспарланған жобалардың іске асуы әуе тасымалдарының сапасын арттырып, ұшу қауіпсіздігін күшейтуге және Қазақстанның өңірлік әрі халықаралық авиациядағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Комментарии