Оқу-ағарту министрлігі Астанада «Жеке мекеме «Математика тіл мектебі» негізгі орта білім бойынша лицензиясыз қызмет көрсеткенін анықтап, оқу орны әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, білім беру қызметін жүргізуге арналған лицензияларды Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері береді. Тексеру қорытындысы бойынша аталған мектептің «Бастауыш білім» (1–4 сыныптар) бағыты бойынша 2020 жылғы 27 қарашада берілген № KZ36LAA00019341 лицензиясы бар екені белгілі болды.
Алайда 2025 жылғы 24 қыркүйектегі тексеріс кезінде білім беру ұйымының «Негізгі орта білім» қызметін жүзеге асыру үшін қажетті лицензияға қосымшасы жоқ болып шықты. Бұл — заңға сәйкес, рұқсатсыз қызмет көрсету болып саналады.
Осыған байланысты Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2025 жылғы 22 қазанда «Математика тіл мектебіне» «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң талаптарын бұзғаны үшін 25 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды.