Астанада этножурналистикаға арналған медиафорум өтті

Автор Асан Джалилов

2025 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Заманауи медиакеңістіктегі этножурналистика: үрдістері мен даму бағыттары» тақырыбындағы медиафорум өтті. Ауқымды шараға республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ҚХА Журналистер клубтарының жетекшілері мен мүшелері, этникалық баспасөз редакторлары, «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшылары, сондай-ақ депутаттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты. Форум жұмысы барысында этносаралық келісім мен диалог мәдениетін қалыптастыру, толеранттылықты дамыту, өңірлер арасында тәжірибе алмасу, этномедиа саласының қазіргі үрдістері мен даму бағыттары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ҚХА Журналистер клубтарының өңірлік желісін жетілдіру және оның кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері көтерілді. ҚХА Журналистер клубы – еліміздің медиа қауымдастығы, баспасөз қызметінің мамандары, блогерлер мен тәуелсіз сарапшыларын біріктіретін сараптамалық-коммуникациялық алаң. Оның негізгі мақсаты – этносаралық тақырыптарды сапалы жариялау, кәсіби құзыреттілікті дамыту, азаматтық жауапкершілік пен медиа және құқықтық сауаттылықты арттыру. Медиафорум қорытындысы бойынша этножурналистиканы дамытуға бағытталған ұсыныстар жасалып, кәсіби қауымдастық алдында жаңа міндеттер айқындалды.

Комментарии