Үкімет отырысында еліміздегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланып, үш ірі қалада қоқыс жағатын заманауи зауыттар салынатыны хабарланды. Бұл жөнінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында салынатын үш зауыт толықтай шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Инвесторлармен келісімдер биыл жасалған, жалпы инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Құрылысты аяқтау мерзімі – екі жыл.
Вице-министр қалдықтарды басқару жөніндегі жаңа тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін саланы институционалды түрде күшейту қажеттігін атап өтті. Жоспар бойынша «Жасыл даму» ұйымына қалдықтарды басқарудың Ұлттық орталығы мәртебесін беру қарастырылған. Бұл орталық цифрландыруды дамыту, сенімді статистика қалыптастыру, қалдықтың қозғалысын бақылау және инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.
Тұжырымдамада қалдықтарды жүйелі басқаруға көшуге арналған негізгі индикаторлар айқындалған:
• радиоактивті қалдықтарды қоспағанда, барлық қалдық түрін 100% түгендеу;
• өнеркәсіптік қалдықтарды қайта пайдалану үлесін 10%-ға ұлғайту;
• полигондарға жіберілетін коммуналдық қалдық көлемін кемінде 10%-ға қысқарту.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспардың орындалуы орталық және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді әрекетін талап етеді.