Мәжіліс ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесін нақтылауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат ғылым саласындағы академиялық еркіндікті кеңейтіп, зерттеушілердің құқықтары мен шығармашылық қызметін қорғауға бағытталған депутаттық түзетулерді қамтиды.
Жаңа нормаларға сәйкес, ғалымдар ғылыми бағыттарын өз бетінше жоспарлап, зерттеу жұмыстарын еркін жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар ғылыми зертханалардың инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту қарастырылған. Мемлекеттік тапсырыс аясында алынған ғылыми жабдықтарды барлық ғылыми қызметкерлердің пайдалануына мүмкіндік беретін механизм енгізіледі.
Өзгерістер дарынды оқушыларға да қатысты. Ұлттық құрама құрамына енген және ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға қатысатын жас зерттеушілер мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалана алады.
Заң жобасы ғылыми жобаларды қаржыландыру тәртібін жетілдіруді де көздейді. Енді жобаларды іске асыру мерзімі келісімшарт жасалған сәттен бастап жоспарланған барлық іс-шаралар толық аяқталғанға дейін белгіленеді.
Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде айқындау ұсынылды. Бұл шешім академияның мүлкін басқару, қаржыландыру көздерін реттеу және әкімшілік қызметін заңнамалық тұрғыдан нақтылауға мүмкіндік береді.