Алматы қаласының Бостандық ауданында ұлттық қолөнерді жаңғыртуға бағытталған ерекше мәдени жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан әкімдігінің қолдауымен «Қазақ аналары» әжелер қауымдастығы ұзындығы 110 метр болатын алып сырмақты қолмен дайындауды қолға алды. Жоба нәтижесін Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну жоспарланған.
Сырмақ дәстүрлі басу және тігу тәсілдерін сақтай отырып жасалуда. Ою-өрнектерде қазақтың классикалық ұлттық нақыштары қолданылып, әр бөлігі арқылы қолөнер мәдениетінің сабақтастығы мен ұлттық мұраға деген құрмет көрініс табады. Шеберлер туындыны толықтай қол еңбегімен әзірлеп, дәстүрлі өнердің мәнін заманауи қоғамға жеткізуді мақсат еткен.
Жоба тек көлемімен емес, мазмұндық маңызымен де ерекшеленеді. Бастама ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді кеңінен насихаттауға, аға буынның тәжірибесін дәріптеуге және жас ұрпаққа мәдени құндылықтарды таныстыруға бағытталған.
Алып сырмақты аяқтау Наурыз мерекесіне жоспарланған. 21 наурыз күні дайын туынды көпшілікке ұсынылып, қазақ қолөнерінің бай дәстүрін көрсететін символдық мәдени нысан ретінде таныстырылмақ.