Алматы. 2 қазан. Barbang Info. Айнұр Айыпханова АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін жұмысында елеулі жетістіктерге жетіп, Индиана штатындағы онкологиялық деректерді тіркеу жүйесін оңтайландырды.
Қазіргі уақытта Айыпханова Индиана штатында қатерлі ісікке қатысты деректерді тіркеу жүйесінің директоры қызметін атқарады. Бұған дейінгі екі жыл бойы штаттағы онкологиялық статистикада кемшіліктер болғандықтан, бұл мәліметтер ұлттық базаға енгізілмей келген. Жергілікті есеп беру жүйесіндегі және бағдарламалық жасақтамадағы ақаулар деректердің толықтығын қамтамасыз ете алмаған.
Алайда 2023 жылы Айыпханова аталған мекемеге келісімен, АҚШ Ұлттық онкологиялық институты (NCI) әзірлеген жаңа бағдарламалық жүйені енгізуге көмектесіп, мәселені түбегейлі шешті.
Жаңа жүйе нәтижесінде жыл сайын шамамен 40 мың онкологиялық жағдай тіркелетін Индианада тіркелмей келген науқастар саны айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, деректер базасын жаңартуға байланысты қаржыны үнемдеудің де пайдасы зор болды. Айыпханованың айтуынша, бұл өзгеріс штатқа 511 мың доллардан астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұрын бұл сома мердігерлер мен деректерді қолмен өңдейтін қызметкерлерге жұмсалуы тиіс болатын.
Айнұр Айыпханова – Индиана университетінің бакалавриаты мен магистратурасын үздік бітірген, 40 жастағы кәсіби маман. Бұған дейін Қазақстанда 2017–2019 жылдары Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығын басқарған. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылар колледиясының (ACHE) және Ұлттық сапа қауымдастығының (NAHQ) мүшесі.
Айнұр Айыпханованың тәжірибесі – шетелде жүрген қазақстандық мамандардың да ірі реформаларға ықпал ете алатынының айқын дәлелі.