Айдос Сарым: Астана — тарихи саммитке лайық орын

Автор Бакыт Кулманов

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерге бастамашы бола алатынын және бұл үдерісте басты делдал болуға әлеуеті жететінін мәлімдеді.

RTVI телеарнасына берген сұхбатында Сарым Қазақстанның геосаяси жағдайы мен екі тараптың да мүдделерін түсіну қабілеті Астананы бейбіт диалог үшін тиімді алаңға айналдыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Ресей, Украина және АҚШ президенттерінің Астанада кездесуі – еліміздің дипломатиялық тарихындағы бетбұрыс болар еді.

Ол Қазақстанның тарихи, мәдени және саяси тұрғыда Ресей мен Украинаны жақсы түсінетінін алға тартты. Оның пікірінше, екі жақтың да сеніміне ие болу – бейбітшілікке жол ашатын негізгі факторлардың бірі.

Сарымның айтуынша, Қазақстанда орыс және украин мәдениеттерінің терең байланысы бейбіт диалог үшін ерекше жағдай жасайды.

«Бізге көп жағдайда бір мәдени тілден екіншіге аудармашылардың қажеті жоқ. Бұл — біздің артықшылығымыз», — деп түсіндірді депутат.

Саясаткер Астананың бейтарап ұстанымы мен сенімді саяси беделі келіссөздерге оң әсер ететінін айтты. Бұл бастама Қазақстанды жаһандық деңгейдегі бітімгерші ел ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Депутат посткеңестік елдер арасындағы сенімді және өркениетті қатынастарға негізделген интеграциялық жобалар халыққа нақты пайда әкелетінін айтты. Саяси мәдениет пен өзара құрметке негізделген одақтар – өңірлік тұрақтылық пен экономикалық даму кепілі.

Комментарии