Қазақстанда ел алдындағы ерекше еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсететін арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл төлем республикалық бюджет есебінен ай сайын беріліп, әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды тетіктерінің бірі саналады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 207 мыңнан асты. Жыл қорытындысында осы мақсатқа жалпы 26,7 млрд теңге бағытталған.
Айта кету керек, бұл мемлекеттік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы жәрдемақыны алуға құқығы бар азаматтардың 17 санаты анықталған. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысушылар, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы» мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғандар, тыл еңбеккерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушылар, саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлер және өзге де санаттар бар.
Жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты белгіленеді және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Бұл төлем көлемі жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне қарай республикалық бюджет туралы заңға сәйкес қайта қаралып отырады.
Сонымен қатар егер азамат бірнеше негіз бойынша арнайы жәрдемақы алуға құқылы болса, төлем тек бір негіз бойынша ғана — азаматтың таңдауы ескеріліп тағайындалады. Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да бұл жәрдемақыны Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде алу құқығына ие.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдеу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып тапсыруға болады.