Қазақстанда экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын (SAF) өндіретін жаңа зауыт салу жобасы басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек мәлімдеді.
Компания агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті әртараптандыру бағытында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы бұрын жұмыс істемеген «Биохим» зауыты сатып алынып, қысқа мерзім ішінде толық жаңғыртудан өтті. Бүгінде кәсіпорында жыл сайын 300 мың тоннадан астам астық терең өңделіп, жоғары қосылған құны бар өнімдер — крахмал, бидай глютені және биоэтанол өндіріледі. Өндірілген биоэтанол Еуропа елдеріне экспортталса, бидай глютені АҚШ пен Жапония нарықтарына жеткізіледі, ал крахмал ТМД және Азия елдеріне жөнелтіледі.
Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және америкалық серіктестермен бірлесіп ТМД елдерінде алғаш рет экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын өндіретін зауыт салу жөніндегі жоба іске асырылуда. Жоспарланған зауыттың жылдық қуаттылығы — 50 мың тонна, ал жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды.
Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін Қазақстанда экологиялық отын өндірісі дамып, агроөнеркәсіптік шикізатты терең өңдеу деңгейі артып, экспорттық әлеует айтарлықтай күшейеді.